Тарихы


Каспий өңірі «Болашақ» колледжінің тарихы 1997 жылдан бастау алады. Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігінің 1997 жылғы 3 қыркүйектегі №356 бұйрығы және БМ сериялы №0000246 лицензиясы негізінде Гуманитарлық-экономикалық колледж құрылды.

Колледждің негізін қалаушы – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық педагогикалық білім беру академиясының мүше-корреспонденті педагогика ғылымдарының докторы, профессор, білім беру ісінің құрметті қызметкері, көрнекті ғалым, жаңашыл ой иесі Мұхит Хисметұлы Қаламқалиев. Мұхит Хисметұлы 100-ден астам ғылымға негізделген еңбектің авторы, соның ішінде 4 монография мен 4 оқу құралы ғылыми қауымдастықтың бағасына ие болған. Техникалық-зерттеушілік  шығармашылығындағы 2 рационализаторлық ұсынысы ресми түрде жаңалық ретінде тіркеліп, тәжірибеде қолданыс тапты.

1997 жылы Гуманитарлы-экономикалық колледжі атымен ашылып, соңынан Қазақстандық қазіргі заман «Болашақ» академиясы колледжі атауымен өзгерген оқу орнын   экономика ғылымдарының кандидаты, PhD докторы, Ресейдің МАНПО академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия ұйымдастырған республикалық «Әйел басқаратын үздік кәсіпорын» байқауының «Білім» номинациясының жеңімпазыҒалия Жақыпқызы Шаккузова 2009 жылға дейін басқарды. Осы жылдар ішінде іскер басшы оқу орнының қарқынды дамуына, материалдық-техникалық базасының нығаюына, білім беру сапасының жоғарылауына және бәсекеге қабілетті, білікті мамандар даярлауға зор үлес қосты.

Колледж атауы Каспий өңірі «Болашақ» колледжі болып өзгерген тұста  оның қалыптасуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосқан басшылардың бірі – PhD докторы, мұнай-газ жобаларының магистріАсель Мухитовна Каламкалиева. 2013–2021 жылдар аралығында оқу орнына басшылық етіп, тың бастамалар мен игі жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болды. Оның жетекшілігімен жүзеге асқан ауқымды өзгерістер мен жаңашыл бастамалардың нәтижесінде оқу орны жаңа даму кезеңіне қадам басты.

Қазіргі таңда колледжді PhD докторы, әкімшілік-бизнес саласының магистрі Гүлжан Мұхитқызы Қаламқали басқарады. Басшының жетекшілігімен оқу орны білім беру қызметінің сапасын арттыруға, оқу үдерісін заманауи талаптарға сәйкес жетілдіруге және студенттер үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Колледжде еңбек нарығының сұранысына сай, еліміздің және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса алатын, азаматтық ұстанымы берік, адамгершілік құндылықтары жоғары, инновациялық тұрғыдан ойлайтын әрі кәсіби қызметке тәжірибелік тұрғыдан даяр бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға ерекше мән беріледі. Гүлжан Мұхитқызының басшылығымен білім беру, инновация және ұлттық құндылықтарды сабақтастыра отырып, жаңа буын мамандарын даярлау бағытында маңызды бастамалар жүзеге асырылып, колледждің білім беру әлеуеті мен қоғамдық беделі нығая түсті.

Алғашқы жылдары колледжде «Құқықтану», «Экономика, бухгалтерлік есеп және бақылау», «Кеден ісі» мамандықтары бойынша білім беру жүзеге асырылды. 1997 жылы оқу орнына 111 студент қабылданды.

1998 жылы «Экономика, бухгалтерлік есеп және бақылау» мамандығы бойынша алғашқы 14 түлек оқуын аяқтап, еңбек жолына жолдама алды.

1999 жылы білім беру бағыттары кеңейтіліп, «Кәсіптік оқыту» және «Шетел тілі» мамандықтары ашылды.

2000 жылы Гуманитарлық-экономикалық колледж жаңа мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес мемлекеттік аттестаттаудан өтіп,  «Құқықтану», «Кәсіптік оқыту», «Шетел тілі», «Экономика, бухгалтерлік есеп және аудит», «Кеден ісі» мамандықтары бойынша білім беру қызметін жүзеге асыруға шектеусіз лицензия алды.Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен  материалдық-техникалық база, педагогикалық сапалық құрам және білім беру қызметінің деңгейі жоғары бағаланып, оқу орны ашылған мамандықтар бойынша мемлекеттік үлгідегі дипломдар беру құқығына ие болды.

2001 жылғы 28 наурызда  оқу орны «Қазақстандық қазіргі заманғы «Болашақ» академиясының колледжі» болып аталды. Бұл өзгеріс колледждің білім беру қызметін одан әрі дамытуға негіз болды.

2001 жылғы 7 шілдеде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №543 бұйрығына сәйкес колледжге орта кәсіптік білім беру саласында білім беру қызметін жүргізуге лицензия берілді. Осы кезеңде білім беру бағдарламалары кеңейтіліп, жаңа мамандықтар ашылды:

  • «Іс қағаздарын жүргізу және мұрағаттану»;
  • «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану»;
  • «3 жастан 10 жасқа дейінгі балаларға білім беру»;
  • «Органикалық емес заттардың химиялық технологиясы».

Жаңа мамандықтардың ашылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық сұраныстарына сәйкес түрлі салаларға қажетті білікті кадрларды даярлауға бағытталды.

2004 жыл - колледж тарихындағы жаңа белес ретінде ерекшеленді. Осы жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылғы 23 сәуірдегі №354 бұйрығына сәйкес оқу орнына бірқатар мамандықтар бойынша білім беру қызметін жүргізуге лицензия берілді:

  • «Көтеру-транспорттық, құрылыстық және жол машиналары мен жабдықтарын пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу»;
  • «Жағада жүзу және ішкі су жолдарында кеме жүргізу»;
  • «Ішкі су жолдарын пайдалану».

Осы кезеңде студенттердің сапалы білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында колледждің әлеуметтік инфрақұрылымы кеңейтіліп, жаңа спорт кешені мен заманауи акт залы пайдалануға берілді.

2008 жылғы 23 сәуірде колледж «Үйлер мен ғимараттарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына ие болды. Бұл өңірдің құрылыс саласына қажетті білікті мамандар даярлау ісін дамытуға ықпал етті.

2009 жылғы 29 сәуірде оқу орнының білім беру бағыттары кеңейтіліп, келесі мамандықтар бойынша кадрлар даярлау жүзеге асырыла бастады:

  • «Мұнай және газ өнімдері жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу»;
  • «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету».

Колледждің білім беру мүмкіндіктері елеулі түрде кеңейіп, өңірдің негізгі экономикалық секторлары үшін кадрлар даярлайтын көпсалалы оқу орны ретінде қалыптасты.

2011 жылы колледждің мамандар даярлау ауқымы одан әрі кеңейіп, Маңғыстау облысы Білім басқармасының 2011 жылғы 17 маусымдағы №538 бұйрығы негізінде келесі мамандықтар бойынша білім беру қызметін жүзеге асыру мүмкіндігіне қол жеткізді:

  • «Мұнай және газ скважиналарын бұрғылау технологиясы және бұрғылау жұмыстары»;
  • «Кеме жасау және кеме машиналарының механизмдеріне техникалық қызмет көрсету»;
  • «Теңіз техникасының электрорадиомонтажшысы»;
  • «Пісіру ісі» (түрлері бойынша);
  • «Автомобиль жолдары мен аэродромдар салу және пайдалану»;
  • «Экология және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану».

   Маңғыстау облысының Білім саласындағы бақылау департаментінің 2013 жылғы 13 мамырдағы №150 бұйрығы негізінде«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Дене шынықтыру және спорт»,  «Сәулет», «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандықтары қосылды.

Мамандықтар спектрінің кеңеюі колледждің білім беру қызметін әртараптандырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті білікті кадрлар даярлау міндетін тиімді жүзеге асыруға ықпал етті.

Колледждің білім беру қызметін дамытудағы жүйелі жұмысы мен қол жеткізген табыстары жоғары бағаланып, Ұлттық бизнес-рейтинг қорытындысы бойынша оқу орны «Сала көшбасшысы – 2013» атағына ие болды.

2014 жылы колледж Маңғыстау облысындағы алғашқы оқу орындарының бірі ретінде институционалдық аккредиттеуден сәтті өтіп, білім беру сапасы мен материалдық-техникалық базасының жоғары деңгейін растады. Бұл жетістік оқу орнының беделін арттырып, сапалы мамандар даярлайтын білім беру ұйымы ретіндегі мәртебесін нығайтты.

2014 жылғы 16 маусымда колледж IA №007 институционалдық аккредитациялау куәлігіне ие болды. Аталған аккредитация оқу орнының білім беру қызметінің сапасы мен оның ұлттық стандарттар талаптарына сәйкестігін растады.

2015 жылғы 8 қаңтарда оқу орнының атауы Қазақстандық қазіргі заманғы «Болашақ» академиясының колледжінен  ЖШС «Каспий өңірі «Болашақ» колледжі» болып өзгертілді

         2016 жылғы 11 мамырда Маңғыстау облысының Білім саласындағы бақылау департаментінің №126 бұйрығына сәйкес «Есеп және аудит» мамандығына «Есепші», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығына  «Кең бейінді құрылыс шебері» жұмысшы біліктіліктері бойынша лицензия алды. Сонымен қатар, осы жылдың желтоқсан айында  «Құқықтану», «бастауыш білім беру», «Кеме жасау және кеме машиналары мен механизмдеріне техникалық қызмет көрсету», «Теңіз техникасының электрорадио монтажшысы» мамандықтары  бойынша мамандандырылған аккредиттеуден талаптарға сай өтті.

2017 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті бастамашылық еткен «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде колледж «Су көлігін пайдалану» (бейіні бойынша), «Кеме жасау және кеме машиналарының механизмдеріне техникалық қызмет көрсету», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)» мамандықтары бойынша жұмысшы кадрларды даярлауға лицензия алды. Аталған мамандықтар шеңберінде «Матрос», «Кеме жөндеуші-дәнекерлеуші», «Электрондық есептеу машиналарының операторы» және «Байланыс құрастырушысы-кабельші» біліктіліктері бойынша білім беру қызметі ұйымдастырылды.

2019 жылғы 5 сәуірде Маңғыстау облысының Білім саласындағы бақылау департаментінің №71 бұйрығына сәйкес колледждің қолданыстағы мамандықтары бойынша лицензияларына қосымшалар енгізіліп, «Су көлігін пайдалану» (бейіні бойынша) мамандығына «Рөлші», ал «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығына «Сылақшы» және «Сырлаушы» жұмысшы біліктіліктері қосылды.Аталған кезеңде қолданыстағы мамандықтарға қосымша жұмысшы біліктіліктерінің енгізілуі еңбек нарығы сұранысына сәйкес кадрлар даярлау тиімділігін арттырды.2019 жылғы 29–30 сәуірде Каспий өңірі «Болашақ» колледжі институционалдық аккредиттеуден өтті. Білім беру сапасын қамтамасыздандыру және сараптау жөніндегі тәуелсіз агенттіктің бағалау қорытындысы бойынша колледж техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қойылатын аккредиттеу стандарттарының талаптарына толық сәйкес деп танылды. Нәтижесінде колледжге VET-IA-00023 тіркеу нөмірімен 5 жыл мерзімге институционалдық аккредиттеу куәлігі берілді.

2019 жылғы 5 сәуірдегі №71 бұйрық негізінде колледждің білім беру бағдарламалары жаңа жұмысшы біліктіліктерімен толықтырылды. Атап айтқанда, «Су көлігін пайдалану (бейіні бойынша)» мамандығы бойынша «Рөлші (ұстаушы)», ал «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша «Сылақшы» және «Бояушы» біліктіліктері енгізілді.

2021 жылғы 5 сәуірдегі № 66 және 2021 жылғы 8 сәуірдегі №76, сондай-ақ 2022 жылғы 6 сәуірдегі бұйрықтарға сәйкес білім беру саласындағы мемлекеттік классификатордың жаңартылуына байланысты мамандықтардың шифрлары мен атаулары өзгертілді.

2022 жылғы 13 қыркүйектегі №261-НҚ бұйрығы негізінде колледж еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар  бойынша лицензия алды:

  • «Архитектура» мамандығы, біліктілігі - «Графикалық жұмыстарды орындаушы»;
  • «Бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)» мамандығы,  біліктілігі- «Web-дизайнер»;
  • «Дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша)» мамандығы, біліктілігі - «Электргазымен дәнекерлеуші»;
  • «Машиналар мен жабдықтарды пайдалану (өнеркәсіп салалары бойынша)» мамандығы, біліктілігі– «Жабдықты баптаушы».

Бұл кезең колледждің білім беру мазмұнын жаңартып, цифрлық технологиялар мен заманауи инженерлік бағыттарға бейімделуін айқындады.

2023 жылғы 16 ақпанда Маңғыстау облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің №61-НҚ бұйрығына сәйкес колледж 13 мамандық және 22 біліктілік бойынша мемлекеттік аттестаттаудан өтіп, білім беру қызметінің қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестігін растады.

2025 жылғы 25 ақпанда Маңғыстау облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің №112-НҚ бұйрығымен колледждің лицензиясы және оған қосымшалар қайта ресімделіп, №KZ18LAM00001039 лицензия қосымшасы негізінде 11 мамандық бойынша білім беру қызметі бекітілді.

2025 жылғы 10 қаңтарда колледж басшысы Г.М. Қаламқалидың бастамасымен оқу орны «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша Францияның Париж академиясының халықаралық салалық аккредиттеуінен өтті. Аккредиттеу қорытындысы бойынша колледж халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес деп танылып, 20250110-6305012 тіркеу нөмірімен 2028 жылғы 10 қаңтарға дейінгі мерзімге халықаралық салалық аккредиттеу сертификатына ие болды. Бұл жетістік колледждің білім беру сапасының халықаралық талаптарға сәйкес келетіндігін және оның халықаралық деңгейде танылған білім беру ұйымы екенін көрсетті.

2026 жылдың 6 сәуірінде колледжге Францияның Париж қаласындағы «Galilée» кәсіптік лицейінің делегациясы ресми сапармен келді. Кездесу аясында тараптар білім беру тәжірибесімен алмасып, оқу үдерісімен танысты және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Франциядағы «LYCEE PROFESSIONNEL GALILEE - PARIS» оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум кәсіптік білім беру саласында тәжірибе алмасуды, бірлескен жобаларды іске асыруды және оқытудың озық тәжірибелерін енгізуді көздейді.